Ертең, сағат кешкі 5 пен 7 аралығында, ЭКСПО көрмесіне миллионыншы қонақ келеді деп күтіліп отыр. Тіпті ұйымдастырушылардың белгісіз жанға дайындап қойған сый-сияпаты да бар. Бүгін, халықаралық мамандандырылған көрменің өтіп жатқанына тура 1 ай. Осы аралыққа дейін көрме штаттық режимде жұмыс істеп, барлық жоспарлаған іс-шаралар сәтімен өтіп келген. Көрмеге барлығы 921 293 адам келіпті, оның 130 мыңнан астамы шетелдіктер. Келушілерді әсіресе көп қызықтырған Нұр Әлем павильоны, оған 303 мыңнан астам адам келген. Сондай-ақ 1031 мәдени іс-шара мен түрлі ел басшыларының қатысуымен 84 іскерлік кездесу өтіпті.
Бейбіт Қарымсақов, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:
160 мыңнан астам адам жеңілдетілген тарифпен кірді. 409 мың 700 адам еліміздің басқа өңірлерінен келді. Негізгі келушілер Ресейден 35 500 адам, Германиядан 19 мың адам және ҚХР 11 500 адам келді.
Мамандар қауіпсіздік саласында да аз-маз мәселе болғанын айтады. Ол, балалардың адасып кетуі, сөмке, ұялы телефон, киімдерді ұмытып кету. Осы сынды олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы жоғалғандардың кездесу орны немесе жоғалған затты тапсыру бюросы қызмет істеп келеді. Онда 300-ге жуық зат бар.