Қызылордада 6 мың бала балабақшасыз, 400 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Қызылордада 42 жеке балабақша жабылуы мүмкін. Мемлекеттік тапсырыс тоқтатылды. Қаржыландырылмау себебі бізге нақты түсіндірілмеді, келісімшартты білім бөлімі заңсыз бұзып отыр дейді бөбекжай меңгерушілері. Енді мыңдаған бала мен ондағы қызметкерлердің қайда баратыны да белгісіз. 

Сәуір, мамыр айларында қаладағы 214 балабақшаға мониторинг  жүргізілген. Соның нәтижесінде 20 мамырда акт жарияланып, кеткен кемшіліктерді түзетуге уақыт берілген.  

МАҚПАЛ БАЙМЕНОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:

Әкелген мәліметтерді ат үсті қараған. Заңсыз көп нәрсе көрініп тұр бұл жерде. Уақыт берді, мәлімдемемізді әкелдік, қабылдап алды. Бірақ сол кемшіліктерді ескермей бұлар атүсті қарап әр жерде қағаздарымыз қалып қойып отыр. 


Қазіргі таңда жеке балабақшалар қызметкерлеріне айлық тауып бере алмай отырмыз дейді. Кейбірі тіпті жұмыстарын тоқтатып жатыр. Енді шамамен 6 мың баланың бөбекжайсыз, 400 адамның жұмыссыз қалу қаупі бар. 

ҚАЗЫНА ОСПАНОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:

6 мың ата-ана мен 400 қызметкер осы жерге келсе қандай жағдайда болады. Барлығының кредиті бар. Бір айлыққа қарап отырған көпбалалы аналар бар.


Білім бөліміндегілер 42 балабақшаға мемлекеттік тапсырыстың тоқтатылатынын растады. Алайда, барлығы заңды екенін алған тартып, анықталған кемшіліктерді тізбелеп берді. Ал бөбекжайсыз қалатын  балалар мен ондағы қызметкерлердің мәселесі нақты қалай шешілетіні әзірге белгісіз.

БАҒДАТ БЕРДӘУЛЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қол жуғыштарды скочтап тастаған. Суы ақпайды. Жылы су түгілі мұздай суда ақпайды. Сынық унитаздар, келіп тұрған иісі.  Бала көптігінен оны матрасты жерге тастап, паласқа жатқызып қойған. Басқа балабақшаға орналасуға мүмкіндік болады. Реттеуміз ол жағын да. 


Кәсібі құлдыраған балабақша меңгерушілері мен жұмыссыз қалған қызметкерлер білім бөлімінен көңілдеріне демеу болар нақты жауап ала алмадық дейді. Бір жақты бұзылған келісімшартты да заңсыз деп есептейді. Сондықтан құзырлы орындар мен жауапты Министрлікке шағымданбақ.