Маңғыстау облысында бүгін, 2025 жылы 6 маусымда кен орнында газ-су қоспасының ауаға тарау жағдайы орын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өңірлік ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бейнеу ауданында 2025 жылы 6 маусымда "Толқын" кен орнындағы №57 ұңғымада авариялық жағдай орын алды.
"Varro Operating Group" ЖШС-нің "Толқын" кен орнындағы №57 ұңғымадан газ-су қоспасының өртсіз шығуы тіркелді. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта ұңғыманың трубалық кеңістігінен газ-су қоспасының шығуы жалғасуда", делінген төтеншеліктер хабарламасында.
Авариялық жағдайды жою үшін оқиға орнына Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен – 10 бірлік техника, 32 қызметкер және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
"Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда. Төтенше жағдайлар департаменті барлық қажетті шараларды қабылдауда және ахуалдың даму барысы туралы қосымша ақпарат берілетін болады", деп нақтылайды облыстық ТЖД.