Астанада болған автобус апаты Алуа Бекеннің тағдырын түбегейлі өзгертті. 8 жастағы жеткіншек екі аяғынан айырылып, қазір ауруханада ауыр халде жатыр. Отбасы көпшіліктен көмек сұрайды.
Алуа Бекен – Егіндікөл ауылынан Астанаға демалысқа келген. Бұл -оның алғашқы жазғы демалысы. Алайда 2 маусым күні автобус бағанға соғылып, бүлдіршіннің болашағын басқа арнаға бұрып жіберді. Дәрігерлер баланың екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Ал анасы – жалғызбасты, бес баланы тәрбиелеп отыр. Қызының жағдайына байланысты жұмысын тастаған.
МАХАББАТ ТӨЛЕУБЕКОВА, АЛУАНЫҢ АНАСЫ:
Алуаның жағдайы қазір стабильно, жақсы. Просто агрессиясы бар. Шошыған бала, шоковый состояние алған. баламен психологтар айналысып жатыр. Өзі аяғымен жүргісі келеді бала. Аяғын сұрап жатыр. Жерге отырғыз дейді жерге отырғызамыз. Бүгін екінші, тағы шағын операция болды.
Қалалық әкімдік Алуаның отбасына баспана беруді жоспарлап отыр. Ал автобус паркі тарапынан 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі және 10 миллион теңге демеушілік көмек қарастырылған. Алайда бұл қаржы тек бастапқы операциялар мен дәрі-дәрмекке жұмсалуда. Бір протездің құны 17 миллионнан басталып, 40 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
БАХТИЯР СЕРІКОВ, АЛУАНЫҢ АҒАСЫ:
Ол өседі ертең, оның жарты жыл сайын, бір жыл сайын протезін өзгертіп отыру керек. Сапасы жақсы жеңіл протез болғанын қалаймыз. Германия, Турцияда бар екен протездер. Біз қарап жатырмыз, жазып жатырмыз. Бізге де өздері шығып жатыр.
Алуаға тек медициналық көмек емес, психологиялық қолдау да қажет. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдан кейін баланың өмірге бейімделуі бірнеше жылға созылуы мүмкін дейді дәрігерлер.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Қазір Алуа Бекен Астанадағы балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оның отбасы протездер мен ұзақ мерзімді оңалтуға қажетті қаражат жинауда. Көмек көрсетем деушілер @help.aluabeken Instagram парақшасы немесе экранда көрсетілген телефон нөмірі арқылы байланыса алады.