«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туризмді тұрақты дамыту жоспарын әзірлеп жатыр. Оған сәйкес, Қатонқарағайда жаппай туризм емес, экологиялық саналы және шектеулі туризм дамиды. Яғни туристердің саны шектеліп, саяхатшылардан экологиялық алым алынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қатонқарағай – табиғаты ерекше, экологиялық тұрғыдан таза аймақ. Бірақ қазір онда жаппай туризмге қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан туристер саны көп болса, табиғатқа зиян келуі мүмкін деп санайды компания өкілдері.
«Қатонқарағайды биоалуантүрлілігі мен аумағы бойынша Канададағы Банф және АҚШ-тағы Йеллоустоун сияқты ұлттық саябақтармен салыстыруға болады. Біздің көзқарасымыз: Қатонқарағайдағы туризм жаппай болмауы керек. Ол барынша экологиялық болып, табиғатқа ұқыпты қарайтын саналы саяхатшыларға бағытталуы тиіс. Қазір онда жыл сайын 200-300 мың туристі қабылдай алатын инфрақұрылым жоқ және мұны түсіну маңызды. Туристік ағынды шектеу және олардың бұл жерде болу ұзақтығын ұлғайту әлеуметтік-экономикалық және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл инфрақұрылымға салмақ салмауға және лимит есебінен туристер ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Компания ұсынып отырған модель туристер санын шектеуді, эксклюзивті туристік өнімдер әзірлеуді және туристік аймақта болудың орташа ұзақтығын 3 күннен екі аптаға дейін арттыруды қамтиды. Қосымша шара ретінде экологиялық алым енгізу қарастырылып жатыр. Одан түскен ақша табиғатты қорғауға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Мұндай тәсілді әлемде Бутан корольдігі қолданып жүр. Онда туристер ағынын реттеу жүйесі бар және әрбір келген адам туристік жолдаманы елге кірген кезде төлейді. Kazakh Tourism осы тәжірибені Қазақстанда да қолдануға болатынын айтады.
«Келешекте Қатонқарағайды «Green destination» халықаралық сертификаты бар экодестинация ретінде қарастыруға болады», - дейді компаниядағылар.