Астананың Сарыарқа ауданында ауқымды жөндеуден кейін «Иллюзия» саябағы қайта ашылды. Бұл саябақ Ықылас Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 6 мың шаршы метр болатын қоғамдық кеңістікке толық абаттандыру жұмыстары жүргізілді: іргетас жаңартылып, шағын мүсіндер орнатылды.
Жөндеуден өткен «Иллюзия» саябағы енді демалыс пен белсенді уақыт өткізуге арналған көпфункциялы орынға айналды. Мұнда жаңа скейт-аймақ, түрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары, демалуға арналған тыныш аймақ орнатылған.
АСЫЛБЕК ӘБІШЕВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Сарыарқа ауданында бүгінде 16-дан астам балалар ауласы ашылды. Бүгін біз «Иллюзия» саябағын ашып отырмыз. Мұнда толық реконструкция жасалды: бұрынғысы толық алынып тасталып, бәрі жаңадан салынды. Жаңа іргетас төселіп, брусчатка ауыстырылды, сондай-ақ воркаут-аймақ сияқты спорттық алаңдар қосылды.
Мамандардың айтуынша, саябақ балалардан бастап барлық тұрғындар үшін өзін жайлы, әрі қауіпсіз сезінетіндей етіп жасалған.
ЕРЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сарыарқа ауданы бойынша бүгінгі таңда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін өздеріңіз көріп отырғандай "Иллюзия" саябағын қайта жаңғыртып, жаңадан ашып жатырмыз. Бүгіндікке екі саябақты ашу жоспарда.
Биыл Сарыарқа ауданында 30-дан астам аула абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне берілмек.