Астанада көпірден секірмек болған ер адам қамалды

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2025
  • 233

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көпшілік орында тәртіп бұзған азамат Ж.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, азамат Ж. елордадағы "Қаратөкел" көпірінінен секірмек ниетін білдірген бейнежазба түсіріп, оны жеке сот орындаушысы мен бұрынғы жұбайына жолдаған.

Аталған жағдай жеке сот орындаушысының өтініші негізінде тіркеліп, "Есіл" аудандық полиция басқармасы тарапынан тексеріліп, оның әрекеті бейнежазбамен, оқиға орнында болған инспектордың баянатымен және басқа да дәлелдермен расталды.

Сот отырысында Ж. өз кінәсін толық мойындап, алимент берешегі жиналып қалғанын және қиын қаржылық әрі эмоционалдық жағдай итермелегенін түсіндірді.

Сот қаулысында бұл әрекеттің қоғамдық тәртіпке қол сұғып, қоғамға құрметсіздік танытудың айқын көрінісі болғаны, сондай-ақ азаматтың өз өміріне де, айналасындағыларға да қауіп төндіргені ескерілгені атап өтілді.

Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды,- делінген Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.

Айта кетейік, сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.