ЭКСПО көрмесінде Кариб аймағы елдерінің Ұлттық күні өтті. Қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің өкілдері халықаралық шараны қызу қолдаған. Жиынның ресми бөлімінде сөз алған Гренаданың денсаулық сақтау және халықаралық бизнес министрі болашақтың энергиясы тақырыбының өзектілігіне тоқталды. Бұл бағытта жұмыс істеудің маңыздылығын да айрықша атады.
Николас Стил, Гренада денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту және халықаралық бизнес министрі:
Біздің қоғамдастықта жаңартылған энергия көздерінің жиынтығы соңғы он жылда 2 есеге артты. 2027 жылға дейін тағы жаңара түседі. Осы орайда «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне КАРИКОМ елдерінің жаңартылған және орнықты энергетика бойынша тәртібін таныстыру үшін келдік. Қазақстанмен бірлесе отырып өзара ынтымақтастықты дамыта түсетінімізге сенеміз.
Кариб елдері көрмеге келушілерді мерекелік көңіл-күймен қарсы алды. Астана аспанын бұлт торласа да, мұндағы халық әртістермен бірге билеп, шаттыққа бөленді. Концерттік бағдарлама аяқталған соң салтанатты марш басталды.
Тамара С.Бернард, әнші:
Астанаға келген күннен бастап көңіл-күйім көтеріңкі. Күтіп алғаннан бастап қонақжайлылықтың лебін сездім. Оған қоса, бұл жақтың ауа райы маған ұнады. Бізде табиғаттың ластануы көптеп кездеседі. Болашақта оның өзгергенін қалаймын. Бұл жақта ертеңгі күнді алдын ала ойлау идеясы қолға алынған.