"Қазақстан шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасады",- Президент

Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық отырысында Мемлекет басшысы осылай деді. Ол осы кеңес арқылы елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформалар жалғасады деді.  

Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсеткен. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болған. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Ол инвестицияларға қатысты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріп, кеңес беруден бастап рұқсат алуға дейінгі барлық үдерісті қамтиды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасағанына тоқталды. Мәселен, Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Осылайша, компания 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы инвесторлармен ықпалдастықтың перспективалы бағыттарына, атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық әлеуетін дамыту мәселесіне де тоқталды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тау-кен саласы – еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды.


Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне де тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Сондықтан бұл салада да шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары екенін айтап өтті.Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Мемлекет басшысы бірқатар халықаралық компанияның өкілдерімен  кездесті. Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентін қабылдады.