Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қытайлық компанияда газ жарылып, 9 адам жарақат алды

  • 26 маусым 2025
  • 90

Қызылжарда қытайлық компанияда газ жарылып, 9 адам жарақат алды. Оқиға Тайынша ауданының Ильичевка ауылында болды. Май өңдеу кәсіпорнында көгілдір отынды құю кезінде газ тасымалдайтын жүк көлігі жарылған. Өрт дереу жайылып, кейін жер астында орналасқан алты цистернаның біреуінде от лап ете түскен. Оқыс жағдай салдарынан 9 адамды күйік шалды. Оның біреуі - төтенше жағдай маманы. Қазір құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, істің мән-жайын анықтап жатыр.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өрттің туындаған себебі алдын ала сол жерге газ тасымалдайтын жүк көлігі келіп тұрған болатын. Сосын газды құю барысында арнайы жеңдері үзіліп кетіп, содан газ шығып, өрт туындады. 


Жалпы жарақат алған тоғыз адамның сегізі медициналық көмекке жүгінді. Оның жартысы Көкшетаутағы ауруханаға жатқызылды. Қазір төрт адам жансақтау бөлімінде жатыр. Сала мамандары олардың жағдайлары тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрмағанын айтады.

Гүлнәр ҚАЛИЕВА, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 

Күйік шалу бойынша науқастардың беті, қолы, мойны күйік шалған. 20 пайызбен 50 пайыздың арасында күйік шалған.