Астана мен Алматыдағы айып тұрақтары енді ақылы болады

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2025
Фото: depositphotos.com

Алматы мен Астанада айыптұрақтар ақылы болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл өзгеріс Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулер жобасында көзделген. Бүгін бұл түзетулерді Сенат мақұлдады. Енді заң жобасы президенттің қол қоюына жолданды.

"Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, жергілікті маслихаттар көліктерді арнайы алаңдарда, коммуналдық меншіктегі тұрақтарда жеткізу және уақытша сақтау үшін төлем мөлшерін белгілейді.

Қазір Алматы мен Астанада автокөліктерді сақтау үшін әр қалада үш арнайы тұрақ жұмыс істейді. Заңға сәйкес, бұл тұрақтар жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылады, коммуналдық меншікте болып, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Мұндай тұрақтарға көліктерді қою үшін төлем алынбайды және көлік иелерінен ақша талап етуге ешкімнің құқығы жоқ.

Айып тұрақтарының қашаннан бастап ақылы болары әлі белгісіз. Kolesa.kz сарапшыларының айтуынша, заң күшіне енгеннен кейін көліктерді айып тұрағына қою ережелерін әзірлеу мен көлікті жеткізу және сақтау тарифтерін бекітуге біраз уақыт қажет болады.