Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда өндірістік кооперативке тиесілі жайылым жердің бір бөлігін жауаптылар сатып жіберген

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2025
  • 75

Жамбылда бір ауылдың өндірістік кооперативіне тиесілі жайылым жердің бір бөлігін жауаптылар сатып жіберген. Еңбек ұжымы төрт мың гектардың 800-і қалай басқаның атына рәсімделіп кеткенін түсінбей дал. Сала басшысы бұл келеңсіздік кооперативтен шаруалар бөлініп шыққанда келісім шарт тоқтап, оны дер кезінде қайта жасамағандықтан туындағанын айтады. Жайылымы тарылып, өрісі өздеріне жатпей жатқан жұрт өзгеге өтіп кеткен  жерлерін талап етуде.

Жамбыл ауданы Ащыбұлақ аулындағы «Пионер» өндірістік кооперативінің құрылғанына қырық жылдан асқан. Малмен айналысатын кооператив құрамында басында 114 адам болған. 28 адам еңбек ұжымынан бөлініп шыққанда 4774 гектар жердің 900-гектар үлес пайымын алған. Енді қалған 3844 гектардың тағы 800-ден астамы басқа адамдардың атына рәсімделіп кеткен. Шаруалардың қолындағы құжатта берілген  жер телімі орман шаруашылығы сызып берген құжатпен сәйкес келмейді екен.

ДӘУРЕН МҰРАТАЛИЕВ, ПИОНЕР ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жерде Лесхоздың басшысы қалай қарандашты қалай қисайтады солай сызылады. Тек қана бағана біз құдығымыздың сақталып қалғанына қуанамыз да, айналасынадағы жерді даулауға қазір дәрменсізбіз. Шабындық жерлерімізді алып қойып отырғой. Бізді бархан, бағанағыдай шыбыр, талтарақтың арасына тығып, біздің қыстық шөбімізді дайындайтын жердің бәрін басқа кісілерге рәсімдеп жіберген.

АЙТПАЙ ДҮЙСЕНБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

23-тің картасы мен 24 картасы екі бөлек болып тұр. Алты ай сайын карта өзгеріп отыр қаламмен сыза берген, әшейін. Әбден шұрайлы жердің бәрін жанағы басқа тұлғаларға рәсімдеп, рәсімдеп именно біздің жердің ішіннен ойып алып беріп отыр. Мемлекеттің жерін талан-таражға салуды білмеймін енді. Жап жас жігіттер ғой, жұмыс істейтін кездері, әлден дүние қуса не болады.

Ауыл тұрғындары орман шаруашылығынан алған жеріне мал жайып, қыстық жем-шөбін дайындап келген. Енді шұрайлы жерді көз тіккен көкелер иемденіп, тұрғындар тақыр жерге қыстауға қорқып, малымыз қыстан аман шыға алмай қала ма деп алаңдаулы.

НАРТАЙ ЕГЕМБЕРДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз сол бойынша түскен өтініш негізінде тексеру жүргізіп жатырмыз. 3880 гектар жер көрсетілгенда бірақ нақты картасымен есептедік ол жерде 824 гектар жер жетпейтіні анықталды. Біз енді соны сол жанағы жетпейтін жерді толықтырып, сәйкестендіру бойынша жұмыс жасаймыз.

Бар былық кооперативтен 28 адам бөлініп шыққанда шаруалардың шырайы кеткен. Енді олар жерді жасырын саудалап жүрген аудандық орман шаруашылығы мекемесінің басшысы тиісті жазасын алып, жерді қайтарса екен дейді. Жауаптылар құжаттарды қайта көтеріп, тексеруге кіріскен.