Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары тағайындалды

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2025
  • 144
Фото: Сыртқы істер министрлігі

«Мемлекет басшысының өкімімен Арман Асқарұлы Исетов Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылып, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды», - делінген Ақорданың ақпаратында.

Сыртқы істер министрлігінің ресми Telegram-каналында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Арман Исетов 1975 жылғы 17 желтоқсанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Өзінің дипломатиялық қызметін 1998 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Шарт-құқықтық басқармасының референті ретінде бастады. 1999-2004 жылдары Қазақстан СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2004 жылдан 2008 жылға дейін – Нью-Йорктегі Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, ал 2008-2009 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарды.

2009 жылы СІМ Халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды, ал 2012 жылы осы департаментті басқарды. 2018-2022 жылдары – Нью-Йорк қаласында БҰҰ жанындағы Қазақстан Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы сәуірден бастап Таиландтағы Қазақстан елшісі лауазымын атқарды.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.