Русский Сайттың толық нұсқасы

Абай облысында иесіз жүрген мал көбейіп кеткен

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2025
  • 116
Фото: ашық дереккөзден

Абай облысында кейінгі уақытта иесіз жүрген мал көбейіп кетті. Қазір арнайы айыптұрақта 5 мың 800 бас қамалып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қараусыз қалған мал жол апаты оқиғаларына да себеп болып жатыр. Облыс аумағындағы айыптұрақтың бірі Озёрки ауылында орналасқан. Мұнда күн сайын 10-15 бас ірі қара мен жылқы жеткізіледі. 

Қазір еркін жайылымнан ұсталған мал саны 30-ға жуықтаған. Олардың иелерін  учаскелік полицейлер анықтайды. 

"Бұл айыппұл тұрағына яғни қараусыз жүрген малдар, иесіз жүрген малдар қамалады. Иесі табылғаннан кейін оларға екі мерзімдік айыппұл салынады. Әкімшілік хаттама толтырылады", - деді Жаңасемей ауданының учаскелік инспекторы Жандос Әміржанов. 

Биыл мал бағу ережесін бұзған мыңнан аса адам жауапқа тартылды. Көлік жүргізушілері де бұл жазалау шараларын құптайды. Себебі жайылымдағы иесі жоқ мал жолда қауіп тудырады. 

Жыл басынан бері өңірде малдың қатысуымен 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

"Жол бойындағы үй мал еркін жою жол-көлiк оқиғасының 30 пайызына себепкер. Жол қозғалыс ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері 85 мыңнан аса құқықбұзушылықты анықтады. 5875 бас мал арнайы айыптұрағына жеткізілді", - деді ПД Ақпараттық саясат басқармасының аға инспекторы Мирас Мақсұтов. 

Абай облысында 8 жол учаскесі қаупті деп танылған. Сол жерлерге арнайы мал макеттері орнатылған. Былтыр қараусыз төрт түлік иелеріне салынатын айыппұлдың ең жоғарғы көлемі 39 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.