Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық ұлан сарбаздары ерекше концерт өткізді

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2025
  • 100

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери музыканттары су бетінде ерекше музыкалық қойылым өткізді. Бұл тың форматтағы концерт Елорда күніне орай ұйымдастырылған “Әскери керней” XI әскери-музыкалық фестивалінің аясында өтті. Есіл өзенімен жүріп өткен су көлігінің бортында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі танымал патриоттық марштарды, заманауи шығармаларды және халық әндерін орындады. Жағалауда серуендеп жүрген қала тұрғындары мен қонақтары қозғалмалы сахнадан орындалған музыканы зор ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті.

— Мұндай формат - тек көрермендер үшін ғана емес, біздің музыканттар үшін де жаңа тәжірибе. Біз елорда тұрғындарына ерекше көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлағымыз келді. Бұл сәт олардың есінде ұзақ сақталады деп сенемін, - деді оркестрдің дирижері Төрехан Жаудинов.

Өзен үстіндегі қойылым фестивальдің басты ерекшелігіне айналып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Желі қолданушылары іс-шараның креативтілігін атап өтіп, бейнежазбалар мен фотолармен бөлісті. Айта кетейік, жыл сайын ұйымдастырылатын “Әскери керней” фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар “Ғашықтар”,  “Жерұйық” және “Жетісу” саябақтарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблі мен әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі және ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі өнер көрсетті. Мерекелік шара 6 шілдеде де жалғасады. Фестивальдің басты оқиғасы - “Қазақ елі” алаңында өтетін Гала-концерт болмақ. Салтанатты кеш 16:30-да басталады. Концерт барысында әскери музыканттар қазақ және әлем эстрадасынан попурри, сондай-ақ әскери әндерді орындайды. Шара барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі де көрсетіледі.