АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Жапония мен Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін және 12 өзге елге қатысты жаңа импорттық тарифтер белгіленетінін мәлімдеді. Бұл шаралар 2025 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
AP мәліметінше, бұл шешім туралы Трамп өзінің Truth Social парақшасында жариялаған, әртүрлі елдердің көшбасшыларына жолданған хаттар арқылы хабарлады. Хаттарда елдерді жауап ретінде өз баждарын көтеруден сақтандыру ескертілген.
Егер қандай да бір себеппен сіздер өз баждарыңызды көтеруді ұйғарсаңыздар, сіздер енгізетін әрбір пайыз біз белгілеген 25%-ға қосылып есептеледі, – деп жазды Трамп Жапония премьер-министрі Сигэру Исибэге және Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнға жолдаған хаттарында.
Трамп тарифтерді ішкі өндірісті қалпына келтіру және жақында қабылдаған салықтық жеңілдіктерді қаржыландыру үшін қажет деп санайды.
Сондай-ақ ол бұл шаралардың түпкілікті шешім еместігін де ашық айтты.
Бәрі дайын. Біз бірнеше келісім жасайтынымызды айттым, бірақ көбіне жай ғана хат жібереміз, – деді Трамп дүйсенбіде журналистерге.
Ал Оңтүстік Кореяның Сауда министрлігі 25 пайыздық тариф күшіне енгенге дейін АҚШ-пен өзара тиімді келісімге қол жеткізу үшін келіссөздерді жеделдететінін хабарлады.
Жаңа тарифтер бойынша:
- Мьянма мен Лаостан келетін импортқа – 40%,
- Камбоджа мен Таиландқа – 36%,
- Сербия мен Бангладешке – 35%,
- Индонезияға – 32%,
- Оңтүстік Африка мен Босния және Герцеговинаға – 30%,
- Қазақстан, Малайзия және Тунис тауарларына – 25% баж салығы енгізіледі.