Италияның солтүстігіндегі Турин маңындағы Лауриано коммунасындағы апатты фермаға су тасқынынан соң жеткен төтенше жағдайлар қызметі қараусыз қалған алты және тоғыз жастағы екі баланы тапқан. Олар балалардың әлі күнге дейін жаялық киіп жүргенін және тек қарапайым сөздерді ғана айта алатынын анықтаған. Бұл туралы Mirror басылымы хабарлайды.
Полиция қызметкерлері оқшау өмір сүріп келген отбасын кездейсоқ тауып алған. Қараусыз қалған үйдің ауласы қоқысқа толып, сынған жиһаздар мен шіріп кеткен батуттар шашылып жатқан.
Мектеп пен емханаға тіркелмей, оқшау өмір сүріп келген балаларды жергілікті БАҚ "елес балалар" деп атаған. Corriere Della Sera басылымының жазуынша, балалардың әкесі – 54 жастағы голландиялық мүсінші Фредерик ферманы үш жыл бұрын шамамен 120 мың еуроға сатып алған.
"Олар бізге қайтарылғанша күресемін. Біз Италияда, балаларымызды арамыздан алып кеткен осы тамаша елде өмір сүргіміз келеді... Мен құбыжық емеспін және мен оларды қатты сағындым. Осы уақыт ішінде біз балаларға веб-сайттар арқылы ағылшын және итальян тілдерінде білім бердік. Муниципалитетке хабарлауымыз керек еді, бірақ әйелімнің денсаулығы нашар, уақыты да болмады. Олар елес емес, аты-жөні бар, Германияда тіркелген", – дейді балалардың әкесі.
Фредерик балалардың жағдайы "қазір жақсы екенін және бұған дейін де жақсы болғанын" айтқан.
Сонан соң ол "футуристік" асүйді, үлкен теледидар мен компьютер орналасқан қонақ бөлмені, сондай-ақ екі "мінсіз" төсек-орындары бар балалар жатын бөлмесін көрсететін фермадағы үйдің фотосын көрсеткен.
Өзін визуалды суретші және алюминий дәнекерлеушісі ретінде таныстырған Фредерик италиялық журналистерге 38 жастағы марокколық әйелінің жағдайы нашар екенін айтып, үйге кіруге рұқсат бермеген.
Оның БАҚ өкілдеріне айтуынша, COVID-19 індетіне байланысты алаңдап, ұлдарын оқшау өсірген және ол және Италияға келмес бұрын көшіп-қонып жүргенін, бұл үйге су тасқынынан үш ай бұрын көшіп келгенін айтқан.
Алайда Турин прокуратурасы "ата-анасы балаларды қараусыз қалдырған" деп мәлімдеді.
"Балалардың анасы жоқ немесе қызығушылық танытпайды, әкесі оларды мәжбүрлеп оқшаулаған", – дейді сот өкілі.