Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында май құю бекетінде өрт шықты

  • 08 шілде 2025
  • 36

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында май құю бекетінде алапат өрт болды.  Салдарынан Тұрбат ауылындағы қатар тұрған бірнеше нысан отқа оранды. Тілсіз жау жанар май таситын көліктен май құю сәтінде тұтанған. Алайда, өрттің шығуына нақты не себеп болғаны қазір анықталып жатыр. Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Тұрбат ауылындағы алапат өрт кеше төрттер шамасында шыққан. Жанар-жағар май құятын шағын стансадан басталған өрттен сол маңдағы бірнеше коммерциялық нысан жанып кетті.Төтеншеліктер тілсіз жаудың алдын  ауыздықтағанмен таңға дейін бықсуы басылмағанын айтады. Бүгін де өрт сөндіру көлігі тұр. 

ҚАБЫЛҚОЖА АКБАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үш рет жарылыс болды. Өте қауіпті болды. Адамдар бәрі жәрдем берді. Бөшке жарылды. Бөшкеден кейін Камазішіндегі бензин жанып кетті. Кешкі төрттен басталды, азанғы төртке дейін болды.

Тілсіз жаудан май құю бекетінің түбінде орналасқан жеке тұрғын үй де жанды. Жалғыз басты келіншектің үйінде сол сәтте ешкім болмапты. 

БОЛАТБЕК МҰСАБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

7 бөлмелі үй еді. Бәрін ремонттатқанбыз. Майда-шүйде нәрсені ғана шығардық. Үлкен нәрсенің бәрі қалды ішінде. Жарамсыз. Шығынды кім өтейтінін білмейміз, пока арыз тастап қойдық. Шығынды өтеп берсін деген талап қойдық. Білмеймін енді кім көмектесетінін.

Алапат өрттен жанар май таситын көліктің жүргізушісі қатты күйіп қалған. Денесінің 90 проценті күйген 29 жастағы науқас қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.

ДӘУЛЕТ ТҮГЕЛБАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Дәрігерлер қазір соның өмірімен арпалысып жатыр. Облыстан мамандар келіп, консультацияларын беріп кетті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы өте ауыр. Енді оңай емес, 90 пайыз күйген. Сол еміне коррекция жасап жатыр. 

Жанған аумақ  855 шаршы метр шамасында. Өртті сөндіруге ауыл тұрғындарынан бөлек жақын маңдағы аудандардан да төтеншеліктер жұмылдырылған. Тұрғындардың білуінше,  ауылдың қақ ортасындағы шағын май құю бекеті кемі 20 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Қожайыны -өртенген қос қабатты дүкен иесі.

МЕЙІРЖАН САЛЫБАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Мараторий болуына байланысты бұл ғимарат тексерілген жоқ. +Қазіргі уақытта жаңа тексеру саясатына байланысты бұл жерде егер өрт болмаса , егер біреу арызданып келмесе тексеруге кіре алмаймыз. 

Осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тілсіз жаудың шығуына нақты не себептігі анықталып жатыр.