Русский Сайттың толық нұсқасы

Су саласында білікті кадрлар даярланады

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2025
  • 84

Мемлекет басшысы атап өткендей, 2024 жылғы су тасқыны кезінде Қазақстан елімізде білікті мамандар мен ғалымдардың жетіспеушілігін ерекше сезінді.

Су шаруашылығы – бұл жай құбырлар мен бөгеттер емес. Ең алдымен, бұл – дәл инженерия, гидрология, агрономия және суды басқарудың ғылыми тәсілдері. Тәуекелдерді тиімді басқару, суару жүйелерін дамыту және сенімді инфрақұрылым салу үшін қазіргі заманғы білім мен дағдыларға ие мамандар қажет. Осы орайда, мемлекет мамандарды даярлауға бағытталған жүйелі шаралар қабылдауда.

2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» жұмысын бастады. Оқу орны тұрақты негізде су шаруашылығы мен ирригация үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын болады. Онда қазірдің өзінде «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс», «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандықтары бойынша 278 студент оқиды.

Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027 жылға дейін су саласы үшін 9 жаңа кәсіби стандарт әзірлеуді жоспарлап отыр, олар СРИМ жанынан құрылған кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңесте қаралады және келісіледі. Стандарттар негізінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждер су саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын өзектендіреді.

Бұдан басқа, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде алғаш рет басым мамандықтар тізбесіне «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты білім беру бағдарламалары енгізілді.