Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалақы мен кәсіби мәртебені арттыру – мамандықтың беделін нығайтуға бағытталған қадам

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2025
  • 127

Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылымдарында 10 мыңға жуық адам еңбек етуде. Елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде олар алдыңғы қатарда. Олардың жұмысы жауапты және көбінесе қиын, әсіресе климаттық тәуекелдер мен табиғи төтенше жағдайларда. Осыған байланысты мемлекет су шаруашылығы қызметкерлерін қолдауды күшейтуде.

2024 жылы 7 мың маманның жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті және мамандық беделін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. СРИМ «Табиғи монополиялар туралы» Заңға су шаруашылығы мамандарына еңбекақы төлеу деңгейін электр және жылу энергетикасы саласындағы әріптестерімен теңестіру үшін түзетулер енгізуге бастамашы болды. Қыркүйек айында бұл түзетулер күшіне енеді және су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін көтеріледі.

Бұған қоса, су саласы жұмыспен қамтудың жаңа форматына көшуде. Мысалы, су шаруашылығының барлық 425 маусымдық қызметкері тұрақты штатқа ауыстырылды. Бұрын олар жылына 6-8 ай жұмыс істесе, енді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың міндеттеріне каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге қатысу, су пайдаланушылармен жұмыс, су тасқыны және төтенше жағдайлар кезінде кезекшілік, сондай-ақ гидротехникалық объектілерді консервациялау кіреді.

Сондай-ақ, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес ерекше көзге түскен су секторының мамандары «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын ала алады.

Жалақыны көтеру, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, құрметті атақты енгізу – осының бәрі тұрақты уәждемені қалыптастырады, мамандық беделін нығайтады және су саласында білікті кадрларды бекітуге ықпал етеді.