Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттің цифрландыру саласындағы тапсырмаларын жүзеге асыру: Олжас Бектенов «Яндекс Global»-дың бас директоры Даниил Шулейкомен цифрлық сервистерді дамытуды талқылады

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2025
  • 143

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Яндекс Global»-дың бас директоры Даниил Шулейкомен және Yandex Qazaqstan-ның жетекшісі Тимур Шалекеновпен кездесті. Онда Қазақстанда цифрлық сервистерді дамыту, платформалық жұмыспен қамту және технологиялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Қазіргі уақытта Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салық салу ерекшеліктерін ескере отырып, платформалық жұмыспен қамтуды тең дәрежеде реттеуді жолға қою бойынша жұмыс жүргізуде. Осы тұрғыда Yandex Qazaqstan жүзеге асырып жатқан бастама ерекше бір маңызға ие.

Яндекс Такси еліміздегі алғашқы салық агенті болып отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылған сәттен бастап платформаға қатысушылардың жалпы саны 86 мың адамға жетті. Жобаны дамытуға 4,9 млрд теңгеден астам қаржы инвестицияланды, ал агент ретінде компаниядан 4,3 млрд теңге салық ұсталып, бюджетке аударылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға ыңғайлы болу үшін цифрлық шешімдерді қарқынды түрде енгізуді тапсырды. Платформалық жұмыспен қамтуды реттеу барысын тиімді ету үшін Үкімет әлеуметтік қорғауға, салық салуға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен фрилансерлердің құқықтық мәртебесіне жаңаша әдіспен қарауға мүдделі. Аталған секторды көлеңкеден шығару және экономикаға белсенді түрде тарту үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа салық режиміне біртіндеп көшу маңызды. Бұл жердегі мәселе біздің жүздеген мың азаматтарымыздың қызметіне қатысты болып отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


«Яндекс Global»-дың бас директоры Даниил Шулейко біздің елмен әріптестік жемісті жүзеге асып жатқанын атап өтіп, компанияның технологиялық бастамаларын дамытуды жалғастыру ниетін жеткізді.

Одан бөлек, кездесу барысында қалааралық жолаушылар тасымалы сервисін дамыту жоспарлары да қаралды. Бүгінгі таңда Yandex Qazaqstan еліміздегі негізгі бағыттардың басым бөлігін қамтып отыр.

Жолдардағы қауіпсіздік мәселелеріне де баса назар аударылды. Жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін жүргізуші куәліктерін тексеру енгізілді, селфи-бақылау және автомобильдерді тұрақты фототексеру жүргізіледі. Автоматты басқару жүйесі жылдамдықты, жүргізушілердің шаршау деңгейін және басқа да параметрлерді бақылайды. Штаттан тыс жағдайлар мен ЖКО нақты уақыт режимінде тіркеледі, сондай-ақ маршруттан ауытқулар және басқа да тәуекелдер бақыланады.

Компания жүзеге асыратын басқа да технологиялық бастамаларға назар аударылды. Мәселен, пилоттық режимде 1414 байланыс орталығы арқылы қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекші енгізілуде. Қала картасында шұғыл жедел жәрдем шақыруларын визуализациялау жобасы әзірленуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Премьер-министр цифрлық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.