Су саласында еңбек ету - әр тамшы судың қадірін түсінумен тең. Бұл Башеновтер отбасының қағидасына айналған. Тіршілік нәрінің алтынан қымбат екенін өздері ғана ұғынып қойған жоқ. Айналасына айтып, үнемдеудің артықшылығын түсіндіріп келеді. Су саласында маңдай терін төгіп жүрген жанұямен Ақбота Базарбай жолықты.
Қуаңшылық жиі айналып соғатын Сыр өңірінде әр тамшы судың салмағы алтынмен тең. Бұл әсіресе диқан үшін таныс жағдай. Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылының тұрғыны, тәжірибелі су реттеуші Марат Башенов үшін де бұл қалыпты тірлік. Ол Қармақшы СуШар мекемесіне қарайтын магистралдық 4 канал мен 4 қашыртқыға жауапты маман.
МАРАТ БАШЕНОВ, АҒА ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК:
Біздің үлкен атамыз Башен деген атамыз болған. Сол кісі осы салада жұмыс істеп, одан кейін ол кісінің баласы біздің әкеміз Башенов Қазақбай деген кісі жұмыс жасаған 40 жылдан астам. Қазіргі таңда мен жұмыс істеп жатырмын. Әкеміздің берген таяғын одан әрі ізіменен жалғап келе жатырмыз. Қазіргі таңда жасымыз 60-қа таяды. Денсаулық болса, осы жерден зейнетке шықсам деген арманым бар.
Биыл ауданға жоғарыдан келіп жатқан су көлемі - 43 текше метр. Су мөлшері шектеулі болғандықтан оны дұрыстап бөліп, әр шаруашылыққа жеткізу аса маңызды. Марат Башенов бұл жұмысты жалғыз атқарып жүрген жоқ. Екі інісі мен баласы қолқабыс болған.
АЛМАТ БАШЕНОВ, АҒА ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК:
97-де мен жұмысқа қосылған кезде әкем де жұмыс істейтін ол жерде, ағам да жұмыс істейтін. Сол кісілердің жұмыс істеп жүргендеріне қызығушылық танытып, мен де сол жұмысқа сол кездері қосылдым. Қазір менің қарамағымда 6 шаруашылық бар, сол кісілерге бөліп беремін. Сосын ағамның істейтін учаске жағына ол каналға бөлек бөліп беремін қазір жоғарыдан келген суды.
Биыл Қармақшы ауданы бойынша 13 мың гектар алқапқа егін егілген. Сол алқаптың әрбір гектарына су жеткізу - автоматты емес, адам еңбегінің нәтижесі. Отбасы мүшелері суды өлшейді, каналдарды бақылап, судың бағытын реттейді. Башеновтар отбасы тек бір мамандықты емес, бір мақсатты серік еткен жандар.
АЙБЕК ҚАЗАҚБАЕВ, ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК:
Осы салада әкем де жұмыс істейді, ағаларым да, аталарым да жұмыс істегеннен кейін маған да қызық ары қарай жалғастырып алып кету. Менің қолымнан келеді деп ойлаймын.
Олар үшін су - тіршілік өзегі ғана емес, елдің еңбегіне тыныс беретін күш. Бірлік пен еңбектің қадірін білетін отбасы - ауыл тірлігінің тірегі. Олар үшін бұл - тек кәсіп емес, ұрпаққа үлгі болатын өмір салты.