Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты ауылдардың бірінің 47 жастағы әкімі өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Оқиға 7 шілдеде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ресми түрде Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев хабарлады. Оның айтуынша, шенеуніктің әйелі өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын алған.
47 жастағы ер адам 7 шілде күні Алға аудандық ауруханасына түсті. Жағдайы тұрақты, жалпы палатада ем қабылдап жатыр, - деп мәлімдеді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Аталған факті бойынша Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталуда. Қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді, - деп мәлімдеді Ақтөбе облысының полиция департаменті.