Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы үшінші жылу электр орталығының алғашқы кезегінің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына орталықтың табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта орталықты қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде орталықтың алғашқы кезегі мен қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы қаланы жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.