«AMANAT» партиясы тау туризмін дамытуға бағытталған ауқымды «Алатау аманаты» жобасын іске қосты. Игі іс Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Аюсай шатқалында бастау алды. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі, Алматы облысы мен қала әкімі және белсенділер қатысты. Жоба Шарын шатқалынан Тамғалы-тас археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымнан астам қашықтықты алып жататын ұзын-сонар ұлттық соқпақ салуды көздейді. Бұл бағытта 270 мыңнан астам тұрғыны бар 24 инфрақұрылым нысаны мен 20 елді мекен орналасқан. Енді туристер осындағы ерекше орындар мен этноауылдарға саяхат жасай алады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінде туризм экономикалық өсімге тың серпін беретін бағытқа айналуда. Туризм – бұл жаңа мұнай. Сондықтан Мемлекет басшысы осы секторды дамыту қажет екенін үнемі айтып келеді. Президентіміз жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы сындарлы саясаты арқылы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнады. Нәтижесінде – шетелдік туристер халқымыздың қонақжайлығын жақсы біледі және Қазақстанға ерекше ықыласпен келеді. Бүгінгі «Алатау аманаты» жобасы қазақстандық туризмді дамыту бағытында жасалған тағы бір маңызды әрі жүйелі қадам екеніне сенімдімін.