Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық ветеринарларға 106 жаңа көлік берілді

  • 10 шілде 2025
  • 186

Төл мерекеде оралдық ветеринарлар түгелдей су жаңа көлікпен қамтамасыз етілді. Қажетті құрал-жабдық орнатылған бұл темір тұлпарлар енді барлық аудандағы ветеринариялық стансаларда қызмет етпек. Жаңа техниканы тақымдап, қуанышы қойнына сыймаған мамандар туралы тілшіміздің материалында. 

Жәнібек аудандық ветеринария стансасында 11 жыл еңбек еткен Ақылбек Мусиловке су жаңа 106 мәшиненің бірі бұйырды. Жігіт ағасы бұған дейінгі көне көлігінің жүруінен сынуы жиілеп, әбден ығыры шыққанын жасырмады. Бүгін кілті қолына тиген жаңа техникаға тақымы толғанын айтып, мақтауын асырды.

АҚЫЛБЕК МУСИЛОВ, БҚО ЖӘНІБЕК АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНСА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұрынғы машиналарымыз жолда сынады. Жолда қалады. Осы машинаның ішінде отырғанда өзім жекеменшік мәшине алғандай болып отырмын. Қуанып отырмыз ауылға осындай машина беріп жатқанына. Қазіргі заманға сай машина ғой. Біздің жақта жолға жақсы, далалыққа, мал шаруашылықтарына баруға. Крузакқа қарағанда мынаның жүрдектігі жақсы біздің жақта. Крузак өте алмаған жерден мынау өтеді ғой.

Өңірде ветеринариялық мекемелерді нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен бөлінген 10 млрд теңгеге 700-ге жуық арнайы техника сатып алыныпты. Биыл 5 млрд. теңгеге 200-дей техника алу көзделіп отыр.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктерді табыстау іс-шарасын – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асырудағы кезекті қадамымыздың бірі деуге болады. Ветеринар мамандарының мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру, сондай-ақ саладағы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл – алдағы жылдары да жүйелі жалғасын табатын маңызды бастама.

Бүгінгі мерекеге орай, ауыл шаруашылығы өнімдері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Ал салтанатты шарада осы салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагер мамандарға арнайы алғысхаттар табыс етілді. Биыл облысымызда ветеринариялық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. 7 ауданда жаңа ветеринариялық пункттер ашылған. Осы кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты, дейді мамандар.