Русский Сайттың толық нұсқасы

"Цифрлық теңге жемқорлыққа тосқауыл болады", - Т. Сүлейменов

  • 11 шілде 2025
  • 119

Цифрлық теңге жең ұшынанан жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл болады.  Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осылай деді. Нақтырақ айтсақ бұл жүйе мемлекет қаражатына қолданылады. Цифрлық теңгені қолма-қол ақшаға айналдырудың талаптары бекітіледі. Ол шарттан басқа мақсаттарға бұл қаржыны қолдану мүмкін емес. Яғни, ол ақшаны нарыққа шығара алмайды, валюта сатып алуға тыйым салынады,тіпті шетел асыра алмайсың. Мысалы, электрондық қаражатты темір жол салуға пайдаланар болсақ, ол ақшаға тек рельс сатып алуға болады. Одан басқа мақсатқа жұмсалынбайды. Еліміздің бас банкінің төрағасы бұл жүйемен қазірдің өзінде бірнеше ірі жоба қаржыландырылғанын айтады. 

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Цифрлық теңгені енгізудегі басты мақсат та, оны қолдануға ең тиімді орта да мемлекеттік қаражат. Бұл ақшаны алдын ала бағдарламалап барып шығарамыз. Кейде бюджеттен бөлінген ақшаға құрылыс материалын сатып алу керек болғанымен, басқа мақсатқа жұмсалып кетіп жатады ғой. Цифрлық теңгемен ондай істеу мүмкін емес.

10 келіге арықтағың келсе, 3 келіге көнбе. Ұлттық банк басшысы инфляция туралы ерекше мысал келтірді. Бүгінде үкімет инфляция деңгейін 5 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Еліміздің бас қаржыгері сыртқы және ішкі қысымға қарамастан бұл мақсат өзгермейтінін айтты.  Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені үшінші рет қатарынан 16,5 %-де сақтап қалды. Бұл инфляциялық қысымды тежеуге бағытталған қатаң саясаттың белгісі. Маусымдағы жылдық құнсыздану 11,8 %-ға жетті. Дегенмен өткен айдағыинфляция қарқыны бәсеңдеді. 0,8 пайызға дейін төмендеді. 

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен бұған қарапайым мысал келтірер едім. Егер мен артық салмақтан арылғым келсе, бастапқы мақсатымды өзгертпеуім керек. 10 килограмм арықтаймын деп шештік дейік. Бұл межені бір рет өзгертсем, кейін 5 килограмға немесе 3 килограмға деп төмендете беруім мүмкін. Олай болмауы керек. Біз инфляция экономикалық өсімге, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, жақсы инвестициялық ортаға сәйкес келетін деңгейде болғанын көргіміз келеді. Бұл деңгей — 5%.