Русский Сайттың толық нұсқасы

600-ден аса алматылық жылуға 2 миллиард теңге қарыз

  • 11 шілде 2025
  • 123

600-ден астам алматылық ыстық сусыз қалды. Бұған тұрғындардың өздері кінәлі. Себебі, олар жыл басынан бері жылудың ақшасын төлемеген. Салдарынан 5 мыңға тарта борышкердің үстіне сотқа талап-арыз түсіріліпті. Жұрт неге жылудың ақысын төлеуден жалтарып жүр? Оларды қандай үкім күтіп тұр? Тілші тарқатады.

Алматылықтар жылуға бақандай 2 миллиард теңге қарыз. Оларға бұл хабар жеткізілген,  бірақ ескертуді елеп жатқан ешкім жоқ.  Коммуналдық қызметтің ақысын төлеуден бас тартқандарға заң жүзінде шара қолданудан басқа амал қалмапты. Сәйкесінше, талапқа бағынбаған 1754 азаматтың 926-сының мүлкіне тыйым салынып, 822-сінің банк шоты бұғатталды. 254 тұрғын енді ел аумағынан еш жаққа аттап баса алмайды. Ал қалған 144 борышкердің берешегі тапқан табысынан ұсталып отыр.

БАҒДАШ НҰРСЕЙІТОВ, “АЛМАТЫ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІ” ЖШС КОМЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Биыл 600-ге жуық тұтынушылар ыстық су және жылу көздерінен ажыратылды. Қарызды өтеу үшін әрбір тұтынушы осы біздің тұтынушыларды қабылдау бөліміне келеді. Егер қиын жағдайлары болған кезде ондай жағдайлар жеке қарастырылады. Бірақ қарызды өтеу бір айға дейінгі уақыт беріледі.

Борышкерлерге бірнеше рет ескерту жасалған. Бірақ нәтиже болмаған соң, мәжбүрлі шараларға жүгінуге тура келді дейді мамандар. Қазір қызмет ақысын төлемегендерге қатысты сотқа арыз түсіп, әрқайсысына жеке шектеулер қойыла бастапты.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Дұрыс емес деп ойлаймын енді. Төлеу керек қой негізі. Міндетті түрде қолданатын светіміз, жарығымыз, суымыз ішіп отырған ол міндетті түрде төленетін нәрсе деп ойлаймын.

- Судың да сұрауы бар ғой. Баяғыда үлкен кісілер айтушы еді. Ол судың, светтің ақшасын ол ақысын жеуге болмайды ғо өзі заңмен келетін ғо. Қолданып отырған нәрсеңді ақшасын төлеу керексің ғо негізі.

Коммуналдық қызмет өкілдері алдағы уақытта да борышкерлермен жұмысты күшейтпек. Олар тұрғындарды уақытылы төлем жасауға шақырады. Ал заңды талаптарды орындамағандарға қатысты қатаң шаралар жалғасатын болады.