Павлодар облысының Баянуаыл өңірінде «Хан қорық» халықаралық географиялық жастар фестивалі басталды. Осымен үшінші рет өткізіліп жатқан шараға Қазақстан, Ресей, Монғолиядан 150 адам қатысты. Олар өңірдің тарихын көне археологиялық заттар арқылы тануды мақсат еткен.
Надежда Строкань Баянауылда археологиялық қазба жұмыстары басталады дегенде бірден келіскен. Омбы мемлекеттік университетінің бірінші курсын ол бірнеше күннен бері өзінің тобымен қола дәуіріне жататын зираттарды зерттеп жүр. Айтуынша, көне табыттан табылған сүйектер андроновтықтарға тиесілі.
Надежда Строкань, жас археолог (Ресей):
Қазба жұмыстары кезінде құмыралар таптық. Мысалы, мына зиратта екі данасы кездесті. Сырты бедерленген. Үлкені бүтін, бірақ кішісі сәл бүлініп қалыпты. Оның опырылып түскен бөлігін де таптық. Мұндай олжаға кенелемін деп ойламаппын. Қатты қуандым.
Ел ішінде «Кемпіртас» деп танылған бұл аумақтың маңы бүгінде археологиялық қазба алаңына айналған. Мұнда бірнеше көне зираттың қалдығы табылыпты. Ғалымдармен қоса, студенттер мен оқушылар да қазба жұмысына белсене кіріскен.
Салтанат Сергеева, жас археолог:
Адамдар жатқан зираттың қабырғасын таптым. Соларды тазалап жатырмыз қазір. Өте күшті, маған ұнады.
Еңлік Әбеуова, ПМПИ «Марғұлан» аймақтық орталығының ғылыми қызметкері:
Осы іс-шаралардың нәтижесінде жастар, студенттер, мектеп оқушылары біздің тарихымызбен тек қана кітаптан оқымай, өздері осындай жерлерге келіп, өз көздерімен көріп, қолдарымен жасап, соның барлығын көреді де біздің тарихи мұрамызды зерттеуге үлесін қосады.
«Хан қорық» жастар фестивалі елімізде осымен үшінші мәрте өткізіліп тұр. «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы қатысушылар Баянауылдың тарихи аумақтарын түгел аралап, зерттеу жүргізу мүмкіндігіне ие болған. Фестивальға өзге аймақтардан бөлек, Ресей мен Монғолиядан делегаттар келді.
Гаура Сабихан, Ховда университетінің өкілі (Монғолия):
Бұл жердегі табиғат монғол еліндегі табиғатпен салыстырғанда өзгешелеу екен. Өйткені, біз бұл жерде монғолда болмайтын өсімдік, шөптерді көрдік. Ең бер жағын айтқанда мындағы тастың құрылымының өзі әртүрлі.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Халықаралық «Хан қорық» географиялық фестивалі кешкісін орта ғасырлық жауынгерлердің жекпе-жегіне ұласты. Бұл жерде Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстаннан жиналған батырлар күш сынасты. Жекпе-жектің басты қызығы - жауынгерлердің үстіне киген салмағы 30 кг сауаттары.
Әсемгүл Мұхитқызы