Дәстүрлі әнші, домбырашы, профессор, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова балалық шағы, алғашқы ұстаздық қадамы, өнер жолы мен отбасылық өмірінің ең шынайы сәттері туралы сыр шертті, – деп хабарлайды sportinside.kz.
Оған подкаст жүргізушісі Айнұр Ілиясова:
"Сіз жаңа жолдасымның жасы менен үлкендеу деп айттыңыз. Жас айырмашылығы – 14 жас. Бұл құпия емес шығар. Оның үстіне, жолдасыңыздың осының алдында отбасы болған екен, екі баласы бар екен. Сіз 25-тесіз, ол кісі 39-да, бұрынғы отбасы бар. Осы нәрселер сізге қиын болмады ма?", – деді.
Бұған:
"Әрине, өзінің қиындығы болды. Бәрі керемет деп айтуға болмайды. Қазақтың "тең-теңімен, тезек қабымен" деген керемет сөзі бар ғой. Осы мәселені анам көп айтқан. "Есік көргенді емес, бесік көргенді ал" деген сөз бар. Бұл менің тағдырым шығар деп қабылдаймын. Қазір әріптестерім: "Бұрын оқып жүрген кезде, Айгүл, сен бізге қарамайтынсың. Саған жақындау мүмкін болмады", – дейтін. Олар өздері кішкене қорқақтық танытқан шығар. Осы тұрғыдан менің жолдасым пысықтау болды. Осы бағытта өзіне мақсат қойып, жұмыс істеген шығар деп ойлаймын", – деп жауап берді Айгүл Қосанова.