Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бірнеше автокөлік соқтығысып, 23 адам зардап шекті

  • 15 шілде 2025
  • 99

Алматыда жүк көлігі, үш жеңіл темір тұлпар және жолаушылар автобусы соқтығысты. Жол апаты қаланың Алатау ауданында орын алған. МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі Бұрындай тас жолымен шығыс бағытта келе жатып, рөлді басқара алмай қалған. Сол бағытта бара жатқан екі жеңіл көлікпен соқтығысқан. Содан кейін қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, автобус пен тағы бір жеңіл көлікке зақым келтірген.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Егер сот сараптамасы ауыр немесе орта дәрежедегі дене жарақаттарын анықтайтын болса онда қылмыстық іс қозғалады. Егер дене жарақаттары жеңіл болып табылса онда бұл іс әкімшілік заңнама тұрғысында қарастырылатын болады.

Жол апаты салдарынан 23 адам зардап шекті, оның ішінде автобус жолаушылары мен Kia жүргізушісі бар. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазір қажетті емдерін алып жатыр.

НҰРТАЛАП БӨРІ, АЛМАТЫ КӨПСАЛАЛЫ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Алматыда жол көлік оқиғасына байланысты Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне 12 адам келіп түсті. Барлық зардап шеккендер дәрігерлердің қарауынан өтіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді. Пациенттердің жағдайы орташа ауырлықтағы деп және қанағаттанарлық деп бағаланды.