Ел экономикасы 14 жылда алғаш рет жоғары өсім көрсетті. Биылғы нәтиже – 6,2 процент. Мұндай үздік нәтижеге басшылардың демалыссыз жүмыс істегені себеп болса керек. Үкімет басшысынан бастап оның орынбасарлары соңғы 2 жылда ешқайда шықпай, жұмысқа баспен кіріскен. Саяхаттамады дегені болмаса, бүгін бастарын тік ұстап, кеуделерін керіп, жоғары көрсеткішпен марқайып отырды.
Бұл – Бектеновтың Премьер-министр болғалы журналистер алдына алғаш шығуы. Араға 1,5 жыл салған басшыны тілшілер әбден сарылып күткен. Маңызды сұрақтарын қойып, көзайым болды. Халық тұрмысын жақсарту, жалақы, жұмыспен қамтудан бастап маңызды тақырыптар жайында сөз қозғалды. Ескере кететін жайт, Бектеновтің бұған дейін бұлданғанын көрген емеспіз. Басшыларға айқайлап, дауыс көтерген кез есте жоқ. Әріптестерім де мұны байқап, сауал жолдады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Үкімет жұмысында дауыс көтеру мен үнемі сын айту тиімді емес. Сын айтылып тұрады. Бірақ мен қатты сөйлеп, дауыс көтеруді және үнемі сын айтуды басқарудың ең жақсы тәсілі деп санамаймын.
Соңғы алты айда 7,9 миллион м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Демек, саладағы өсім – 6,6 процент. Баспаналар салынып жатыр дегенмен, баға тұрақсыз. Жыл өткен сайын қымбаттап жатыр дейді жұрт. Үкімет мүшелері бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта жұмысты жетілдіре түспек.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Ең көп өсім Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында тіркеліп отыр.
Тарифке қатысты да өзгеріс болуы мүмкін. Яғни, баға қымбаттай береді. Мұны тоқтату әзірге мүмкін болмай тұр. Үкімет басшысы үйімізде су мен жылу болсын десек, коммуналдық қызмет құны өсе береді деп қайырды, қысқасы.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Халыққа жүктемені тежеу бойынша шаралар қабылдануда. Тарифтердің болжамды өсуі бұрын жоспарланған өсімдерді қайта қарау есебінен шектелген.
Биыл негізгі капиталға салынған қаражат едәуір артқан. Соның ішінде білім беру саласына бағытталған қаржы үш жарым есе көп. Астық экспорты да бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Шаруалар 11,8 млн тонна көлемінде астық пен ұнды сыртқа сатты. Бірақ соған қарамастан Үкіметтің сыртқы қарызы тағы 40 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл жалпы іскі өнімнің – 21,1 пайызы. Ал елдің жалпы берешегі – 88 трлн теңдеген асады.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Негізгі өсу факторы – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұдан бұрын тартылған қарыздарды игеру болып табылады.
Алғашқы алты айда мемлекеттік бюджеттің кірісі 11 трлн теңгеге болды. Осылайша билік жоспарды межеден асырып, 106%-ке кетті. Ал республикалық қазына 31 млрд теңгеге артығымен орындаған. Жергілікті бюджеттің жағдайы жаман емес, 656 млрд теңгеге атқарылды.