Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда 5 айлық сәбиінен айырылған ана дәрігерлерді кінәлайды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2025
  • 53

Жамбыл тұрғыны 5 айлық сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Баласының ыстығы көтеріліп осыдан төрт ай бұрын Қордай аудандық ауруханасына барған. Ақ халаттылар  сәбиге   «жедел бронхит» диагнозын қойып, ем тағайындайды. Жеті күннен соң  жағдайы жақсарды деп ауруханадан шығарған. Баласы әлі әлсіз, түнімен жылап мазасызданып қоймаған соң ертесіне қайта келіпті. Ол кезде орын жоқ деп қабылдамай қойған көрінеді. Бірақ қойған диагноз толық емделмегенін айтып,  үйге бара беріңіз ауылдық амбулаториядан дәрігерлер барады деген.  Алайда тірі жан төбе көрсетпепті. 

Құлыншағының көз жасы көл болғанын көріп жүрегі ауырған ана  ауруханаға қайта келеді. Айтуынша, бұл жолы балаға «ішек» инфекциясы» диагнозы қойылып, екпенің сан түрі салынған, тамырын таба алмай қинаған. Сәби онан сайын  әлсіреп, қолы іріңдей бастапты. Ем қонбағанын іштей сезген ана алып ұшып Алматыға аттанған. Ондағылар үшінші дәрежелі пневмания, тым кеш келдіңіздер дегенде тұла бойы мұздап, есінен танып қала жаздапты.  Артынша бала шетінеген.

АЖАР ТҰРҒЫНБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Мен сіздерге сеніп баламды тапсырдым ғой. Сонда бір ай, екі апта нені күттіңіздер. Баланың дене қызуы түсті, түсіп жазылсам мен неге Алматыға барам. Мен неге осы жерде Таразға бармаймын. Мені неге Таразға апармадыңыздар ертерек балам мен жібермейсіздер ма.

Бауыр ет баласынан айырылған ана құзырлыларға шағымданған.  Төрт ай тергеу жүрді. Кейін бас дәрігер мен үш қызметкер өз міндеттерін толық атқармағаны үшін сөгіс алып, өлімге қатысы бар ақ халаттылар қызметімен қош айтысады.

АЙДЫН БАЙБЕКОВ, ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Негізі кінәліміз. Кінәлі болғанда біздің жұмысымыз ғой. Жұмысымызды тиісті деңгейде атқару керек. Бұл жерде жаңағы біз ата-анамен түсіндіру тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Балаға қатер төнген кезде ауруханаға оралу керек екенін, басқа қалаға шығу қауіп екенін тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Сондықтан барлығымыз жауапкершілікке тартылдық.

Баласын жоқтаған ананың бұл жазаға көңілі толмайды. Прокуратура істі бақылауына алса екен дейді.