Алматыда Бұқар жырау даңғылының бойында газ құбыры жарылды. Салдарынан бір көлік аударылып, оның жүргізушісі мен жолаушы ауруханаға жеткізілді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, оларға жұмсақ тіндердің көгеруі диагнозы қойылған. Науқастарға емханаға жатудың қажеті жоқ дейді, дәрігерлер.
ЯРОСЛАВ ЮРИЦЫН, КУӘГЕР:
Алдымен полиция қызметкерлері, одан соң жедел жәрдем келді. Зардап шеккендерге дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп жатқандарын көрдім. Байқауымша, олардың жарақаты аса ауыр емес сияқты.
Ал, «QazaqGaz Aimaq» кәсіпорынының өкілдері жауапты мердігер ұйым орташа қысымды жаңадан салынған жерасты газ құбырына қысым беру жұмыстарын жүргізіп жатқанда ауа қоспасы шығып, жарылыс болған деп топшылап отыр.
АЙБЕК ҚАСЫМОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АЛМАТЫ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Мұнда көлік аударылып, тасжол мен құбырға зақым келді. Ағаштар да сынды. Көп ұзамай, бұларды орнына келтіреміз. Бұл жағдайдың нақты себебін арнайы тексерістен кейін ғана айта аламыз.