Меркі ауданының "Жұлдыз" жазғы балалар лагерінде "Есірткісіз болашақ!" ұранымен есірткіге қарсы акция өтті. Шараны Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыс әкімдігінің білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды.
Спорт, өнер және пайдалы білімді қамтыған мазмұнды бағдарлама ондаған баланы біріктірді. Лагерь алаңында ұлдар мен қыздар арасында волейбол матчы, сондай-ақ ұлдар арасында футбол турнирі өтті. Сонымен қатар өзен жағасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды.
Акцияның білім беру бөлігі киіз үйдегі дәріспен жалғасты. Мұнда балалар салауатты өмір салтын таңдау, есірткінің зияны туралы маңызды тақырыптарды талқылап, мамандарға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Балалар қазақтың дәстүрлерімен танысып, домбыра тартып, өнер көрсетті.