Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да мас күйінде көлік айдап ұсталған әкімге қатаң сөгіс берілді

  • 16 шілде 2025
  • 100

Батыс Қазақстан облысында  мас күйінде көлік айдап ұсталған Ақсоғым аулының әкімі 15 тәулікке қамалып, жүргізушілік құжатынан айрылды. Оның тағы бір әріптесі мемлекет меншігіндегі техниканы жеке шаруасына пайдаланса, тағы бір лауазым иесі пойызда арақ ішіп, көзге түскен. Бір қызығы, бұған дейін пара алды деген күдікке ілінсе де, қылмыстық істің құрығынан құтылған шенеунік балағат сөз айтқаны үшін қызметіне толық сәйкес емес деп танылды. Жалпы соңғы екі жылда 16 шенеуніктің мас күйінде көлік жүргізгені анықталыпты. Енді Әдеп жөніндегі облыстық кеңес қойылар талап пен тәртіпті күшейтеміз деп кіжініп отыр. Әйтпесе босаңсуға жол берген уәкілге шара қолданбақ.

МҰРАТ БАЙСАЛОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ БҚОД БАСШЫСЫ:

Мемлекеттік қызметші жұмыста, жұмыстан тыс кезде қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек. Аталған мемлекеттік қызметшілер бүгін тәртіптік істері қаралған сол талаптарды сақтамаған. Сол үшін олардың материалдары Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Оның нәтижесі бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелерімен тиісті шешім әзірленді. Олардың басшылары бұл шешім жолданады және оларға қатысты тәртіптік жаза қолданылады.