Исландия астанасы Рейкьявик қаласына жақын маңда Сундхнукур жанартауы атқылады, деп хабарлайды Astana TV.
Бұл Солтүстік Атлантикадағы арал елінде 2021 жылдан бері тіркелген 12-ші жанартау атқылауы болып отыр, деп хабарлайды Исландияның Метеорологиялық басқармасы.
Агенттік шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, басқарма таратқан мәліметке сәйкес, Исландияның оңтүстік-батысында пайда болған жарықтың ұзындығы 700-ден 1000 метрге дейін жетеді.
— Лава негізінен оңтүстік-шығыс бағытта ағып жатыр және инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіріп тұрған жоқ. GPS өлшемдері мен жер қыртысының деформация белгілеріне қарағанда, бұл салыстырмалы түрде шағын көлемдегі атқылау болуы мүмкін, — делінген басқарма хабарламасында.
Тікелей эфирде аспанға атылған лава мен түтін ағындары анық көрінді.
Қазір Көк Лагуна деп аталатын әйгілі геотермалдық курорттан және жақын маңдағы Гриндавик атты балықшылар қалашығынан адамдар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Сәрсенбі күні болған бұл атқылау — орталық кратерден емес, жер қыртысындағы ұзын жарықтар арқылы лава ағумен сипатталатын жарықтық жанартау атқылауының бір түрі.