«Алатау аманаты» жобасы аясында еліміздің тауларын аралап, табиғатпен үндес жаяу бағыттарға ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшысының айқындап берген саланы дамыту жөніндегі басымдықтарға сәйкес, «AMANAT» партиясы еліміздің негізгі табиғи ландшафттарын қамтитын ұлттық туристік соқпақтар жүйесі – «Алатау аманаты» жобасын іске қосты. Жуырда алғашқы топ - журналистер, блогерлер мен гидтер Үлкен Іле соқпағының негізгі бөлігін жүріп өтті. Олар Аюсай шатқалынан бастап, Көкжайлау, Шымбұлақ, Бутаков және Ой-Қарағай бағыттарын бағындырды. Тағы бір топ тәжірибелі альпинистер биік тауларды аралап, Үлкен Алматы көлі мен Карнизный шыңына көтерілді. Олар жолдағы инфрақұрылымды тексеріп, туристерге арналған ұсыныстар айтты. Жалпы «Алатау аманаты» жобасы Шарын шатқалынан бастап, Тамғалы-тас археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымнан астам қашықтықты алып жататын ұзын-сонар ұлттық соқпақ салуды көздейді.
МАДИНА ӘБІЛОВА, ТУРИСТІК НҰСҚАУШЫ:
Былай қарасаңыз біздің елеміз өте тамаша, керемет. Әсіресе, Алматы облысы. Мен өзім Алматы облысынан шыққаннан кейін облысты өте жақсы білемін. Біздің мақсатымыз - осы Қазақстанды Алматы облысын ғана емес, жалпы өз елімізді туристерге көрсетіп, еліміздің атын әлем аренасына шығару.