13 шілдеде Рудный қаласында кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасалды: 2010 жылы туған қыз ішінен пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды iagorod.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша қыз анасымен және өгей әкесімен бірге ішімдікке салынған әжесін іздеуге шыққан. Олар әйел баруы мүмкін пәтердің есігін қаққан. Есікті 51 жастағы жергілікті тұрғын ашады. Үлкендердің арасында ауызша жанжал шығып, арты агрессияға ұласқан. Далаға шыққан соң күдікті әйел мектеп оқушысының ішіне пышақ сұғып алған.
Құрсақ қуысынан жарақат алған зардап шегуші шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізіліп, оған хирургтер ота жасады. Қазір қыз облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз әрекет жасады деген күдікпен 51 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады полиция.