АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШ:
Қаланың қай бұрышында жүрсеңіз де дәл осындай ойын автоматтарын жиі көреміз. Бұған құмартатын тек кішкентай балалар емес. Үлкендер де өз бақтарын сынайды. Мен де дәл қазір ойнап көргім келіп тұр. Көрейік ұта аламыз ба...
Ойын автоматы ойымдағы ойыншықты оңайлықпен бер қоймады. Ұтамын деп қайта-қайта үміттеніп едім, бекер екен. 1000 теңгемді қағып алды. «Енді, міне, жолым болар» деп тұрғанда қалай ішкі тәуелділігіңнің артқанын байқамай да қаласың. Сорақысы сол, бұл, ең алдымен, балалардың миын улайды.
КОММЕНТ:
- Ұлттың санасын улап, құмар ойындарға кішкентай кезінен тәуелді ету. Мүлде құрту керек.
- Менің құрбым осы ойынға кіріп кеткен. Азарт. Бір ойнағанда 10-20 мың құртады.
- Дұрыс айтасыз! Ойын ойнайтын адамдар сол ойыншыққа құмар. Ақшасы таусылғанша он рет болса да ала береді. Үлкен шығынды казиноларға апаратын жол болып тұр.
Иә, мұндай автоматтар бірінші рет көргенде көңілге күдік ұялатпауы мүмкін. Бірақ бұл зиянсыз дегенді білдірмейді. Оның үстіне, санасы толық қалыптаспаған бала назар аударса, елітіп әкетуі әбден мүмкін. Алдымен қызығады, артынша барын беріп, ойнайды. Мұнда тұрған не бар деп ойлайсыз. Бірақ тәуелділіктің бастауы, міне – осы. Ғылымда оны лудомания дейді. Жалпақ тілде айтсақ, бала «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге» бейімделеді.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Балаға кішкентай кезінде алған тәжірибе өскеннен кейін өте қатты әсер етеді. Егер де кішкентай кезінен бала жеңіл түрде қалаған нәтижесіне қол жеткізетін болса өскен кезде де сол қалаған нәрсесіне тез, оңай жолмен жеткісі келеді.
Елде 350 мыңнан аса адам лудоманияға шалдыққан. Оның 15-не нақты диагноз қойылыпты. Кәмелетке толмай торға түскен жасөспірім де көп. Бір жылда 300-ден аса бала құмартты. Оның 40 пайызының қызығушылығы ойын автоматтарынан оянған.
АЙША ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Бір қарағанда залалсыз дүние сияқты. Бір құмар ойынға қатысы жоқ сияқты. Бірақ бұл баланың тиын салу арқылы алу, сәттіліктерге байланысты екені баланы ынталандырады. Баланы алға қарай «тағы да ойнап көрсем» деген ынтасын оятып, құмарлық сезімін арттырады да.
Мемлекет аталған мәселені тоқтату үшін түрлі шара қабылдады. Басымызды тасқа да, тауға да соғып, әйтеуір лудоманияға қарсы заңды қабылдадық. Содан бастап құмар ойындарға тек 25 жастан бастап қатысуға рұқсат етілді. Несиесі/ипотекасы бойынша мерзімі өткен қарызы бар азаматтар, әскери қызметкерлер жолай алмайтындай ереже енгізілді. Бірақ бұл нормада көшеде самсап тұрған ойын автоматтары қамтылмай қалды. Қоғам белсенділері себебімен емес, салдарымен күресіп жүре берсек мәселе ушығып кетуі мүмкін дейді.