Қызылордада жекеменшік балабақшалар бүлдіршіндердің ай сайынғы төлемақысын негізсіз өсірген. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы брифинг барысында айтты. Кәсіпкерлер мемлекеттік бөбекжайлармен бірдей қаржыландырылады. Сондықтан ата-аналардың қалтасын қағып, 2 есе қаржы талап ететіндер енді заң жүзінде жазаланады. Және балабақшалардың барлығына ортақ төлем енгізілді.
АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл өзгерістер жалақы қорына беретін қаржы көлеміне әсерін тигізбейді. 3 жасқа дейінгі балаларға 13500, 3 жастан жоғары 14500. Егер осы ақы өзгерген немесе балабақшалар негізсіз көтерген жағдайда біріншіден мем тапсырысты тоқтатамыз, екіншіден құзырлы орындарға іс қозғататын боламыз.
Аймақтағы 464 жеке балабақшаның тек 16 проценті типтік жобадағы ғимаратта орналасқан. Ал қалғаны бұрынғы коттедж, сауна, тұрғын үйлерді ыңғайластырып алған. Оларды мониторингтік тексеру кезінде санитарлық жағдайы, дәрілік, азық-түлік қорының талапқа сай келмейтіні анықталды. Сондықтан 94 балабақшаға мемлекеттік тапсырысты тоқтатқан.
СЕЙІТҚАЛИ АЛШЫНБАЕВ, КӘСІПКЕР:
Балабақша ашып мықты пайдаға, көп пайдаға ілінемін деген ақылға сыймайтын дүние. Ата-ана баласын азанда алып келгеннен кейін балабақшаға, оған ешқандай қиянат болмауы керек.
Былтыр аймақта жеке балабақшалардан 14 млрд теңге «ұрлық ақша» мемлекет қазынасына қайтарылған. Биыл да балаларды пайданың көзі ретінде қарайтын пысықайлардың жымысқы әрекетіне жол бермейміз дейді басқарма басшысы.