Егер Иран ядролық нысандарын қайта қалпына келтіргісі келсе, олар жойылады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде жазды.
Ирандағы үш ядролық нысан толығымен жойылды және/немесе істен шығарылды. Оларды қайта іске қосуға бірнеше жыл қажет болар еді. Егер Иран оларды қайта жандандыруды қаласа, бұл оған тиімсіз болмақ. Одан да үш жаңа жерде жаңадан бастау тиімдірек болар еді — өйткені олар қайтадан жойылады, — деп жазды Ақ үй басшысы.
Бұған дейін Иран билігі санкциялық қысым күшейсе, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуы мүмкін екенін ескерткен. Сондай-ақ уранды 60%-дан жоғары деңгейде байыту, заманауи центрифугалар өндірісі мен экспортын ұлғайту жоспарлары бар екенін айтқан. Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының өкілі Эбрахим Резаи Tasnim агенттігіне мәлімдеген.