Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавл тұрғыны зейнеткерлерді 5 млн теңгеге алдаған

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2025
  • 102
Фото: istockphoto

Петропавлда 5 млн теңге көлемінде екі алаяқтық дерегі бойынша күдікті ұсталды.

Полицияға Петропавл қаласының 67 жастағы тұрғынынан алаяқтық фактісі бойынша өтініш түскен. Зейнеткер алаяққа алданып ақшасын беріп жібергенін айтқан.

"Оған үй телефонына қоңырау шалған әйел жылап, өзін Ресейде тұратын қызы ретінде жол апатына ұшырағанын, адвокатқа ақша қажет екенін айтқан. Сол сәтте оның телефонына өзін адвокатпын деп таныстырған алаяқ қоңырау шалып, 2 миллион теңге көлеміндегі ақшаны такси жүргізушісі арқылы беруін сұраған", - делінген хабарламада.

Біраздан соң алғашқы телефон соққан қайта хабарласып, операцияға ақша сұраған.

Жәбірленуші немересіне хабарласып, ешқандай жол апаты болмағанын білген соң "102" арнасына хабарласады.

"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер такси жүргізушісінен 2 миллион теңге алған дропперді ұстады. Ол – 24 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның тағы бір осындай алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Бұл жағдайда 88 жастағы петропавл тұрғыны 3 миллион теңгесінен айырылған", - деді полиция.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге ірі көлемде айыппұлдан бастап 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.