ҚР ІІМ Ұлттық ұланы сапында сегіз қырлы бір сырлы сарбаздар жетерлік. Солардың бірі – 6679 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы Әлихан Медеуұлы. Көпшілік оны әйгілі диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсатады.
Қатардағы сарбаз бала күнінен кітап оқуға құмартып өскен. Білім-ғылымға ертеден әуес. Мектептен кейін Қарағанды теміржол колледжіне оқуға түседі. Ол жерде «Тепловоз машинисінің көмекшісі» мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған.
Қарағандыдан әскер қатарына шақырылған ол қазіргі уақытта құқықтық тәртіп әскерінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Әскери қызметші Павлодардағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетумен, сондай-ақ сотталғандар мен тергеудегілерді айдауылмен алып жүрумен айналысатын бөлім құрамында қарауыл қызметін атқарады.
Қызмет барысында ұландықтың бойынан тәртіп, жоғары жауапкершілік және өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасы айқын көрінеді.
Қаруластары мен командирлері Әлиханның нағыз жауынгерге тән қасиеттерінен бөлек, шығармашылық әлеуетін де айрықша атай алады. Ол анық дикциясы, мәнерлі сөйлеуі және әсерлі дауысымен ерекшеленеді. Әскери бөлімде өткізілетін қоғамдық және мәдени іс-шараларда оның үні жиі естіледі.
Сирек кездесетін дауысы, сөзбен баурап алу қабілеті және ісіне деген адалдығы үшін Әлиханды айналасындағылар құрмет тұтады.