Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы бастамашы болған заң әскери дайындыққа деген көзқарасты өзгертеді: мектептен бастап әскерге дейін

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2025
  • 147

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бастамашы болған және жастарды тәрбиелеу, азаматтарды әскери қызметке дайындау, қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты нығайту мәселелеріне арналған ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.

Заң әскери-патриоттық тәрбиелеуге кешенді көзқарас қалыптастыруды көздейді. Енді бұл жұмысқа жекелеген оқу орындары мен қоғамдық ұйымдар ғана емес, барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару органдары қатысады. Орталық және жергілікті атқарушы органдар үйлесімді әрекет етіп, біртұтас тәсілдер мен құралдарды қолданатын болады. Бұл мақсатта Үкімет пен әкімдіктер жанынан үйлестіру кеңестері құрылып, олар осы бағыттағы саясаттың жүзеге асуын қадағалау және түрлі ведомстволардың әрекетіндегі келеңсіздіктерді жоюмен айналысатын болады.

Заңда әскери дайындыққа ерекше назар аударылған. Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді олар әскери қызметтен өткен болуы шарт. Сондай-ақ оларға әскери киім киюге рұқсат беріліп, әскери оқу орындарында біліктілікті арттыру мүмкіндігі қарастырылған. АӘД (алғашқы әскери дайындық) кабинеттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқыту стандарттары бірыңғайланады.

Қосымша түрде әскерге дейінгі және тереңдетілген дайындық жүйесі енгізіледі. Оқушыларға «Жас Айбын» және «Жас Сарбаз» мәртебелері беріледі, бұл оларға әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер мен мерзімді әскери қызметтің орнына келісімшарт негізінде қызмет ету құқығын береді.

Әскери кафедраларды дамыту мәселесі де егжей-тегжейлі қарастырылған. Енді олар толыққанды әскери факультеттерге айналып, әскери-патриоттық тәрбие орталықтары бола алады. Әскери кафедра оқытушыларының мәртебесі нақтыланып, оларға жоғары оқу орындарына берілген әскери техника мен қаруды сақтау және пайдалану тәртібін бақылау жүктеледі.

Маңызды жаңалықтардың бірі – мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік кепілдіктердің кеңейтілуі. Енді әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың жұмыс орны, лауазымы және жалақысы сақталады. Студенттер оқудан шығарылмайды және олардың білім беру гранты жойылмайды. Сонымен қатар әскери немесе келісімшарттық қызметтен өткен жастар үшін грант бойынша міндетті өтеу алынып тасталды. Әскери қызметтен кейін жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсетіндерге жеңілдіктер, ал техникалық және кәсіптік білімге квоталар қарастырылған.

Әскери қызмет өтілі 15 жылдан асқан әскери қызметшілердің балаларына әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде басымдық беріледі. Ал әскери өтілі 10 жылдан асқан, қызметтен босатылған әскери қызметшілерге педагогикалық қайта даярлаудан тегін өту мүмкіндігі ұсынылады. Бұл әскери қызметтен кейін жаңа мансап құруға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды норма – баламалы дайындық мүмкіндігі. Азаматтар әскери жиындарға баруға мүмкіндігі болмаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша ақылы курстар арқылы дайындықтан өте алады. Сонымен қатар әскерде азаматтық өмірде сұранысқа ие мамандықтар – мысалы, D және CE санатындағы жүргізушілер дайындалады. Әскери қызмет өтілі 12,5 жылдан асқан тұлғалар үшін (егер зейнеткерлік жасқа үш жылдан артық уақыт қалмаса) келісімшартпен қызметке қайта оралуға қойылатын жас шектеуі алынып тасталды. Бұрын теріс себептермен босатылғандар әскери қызметке екі жылдан кейін қайта оралуға мүмкіндік алады.

Әскери есепті жүргізу цифрлық форматқа көшіріледі. Яғни мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы біріктіріліп, тіркеу рәсімі жеңілдетіледі. Шақыру қағаздары SMS және eGov порталы арқылы жіберіледі. Бұл есепке алу және хабарлау жүйесін ашық, уақыт жағынан тиімді етеді. Ал мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау бойынша функциялар қайта бөлінді: енді тапсырыс беруді үйлестіру құзыреті Қорғаныс министрлігіне берілді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, заң жобасыбастамашыларының бірі Юлия Кучинскаяныңайтуынша, заң жобасында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті мен функциялары нақты белгіленген. 

 

«Бұдан бөлек, әскери-патриоттық тәрбие қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу шаралары жүйесіне енгізілді, ал Қорғаныс министрлігі білім беру ұйымдарындағы әскери дайындықты мониторингтен өткізу және талдау құзыретін алды. Қазақстан Республикасының азаматтарында патриотизм мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, білім беру жүйесінде және өзге де ұйымдарда әскери-патриоттық тәрбиенің біртұтас жүйесін қалыптастыру, әскери қызметкер мәртебесін арттыру және әскери қызметтің оң бейнесін нығайту – қорғаныс саласының ақпараттық-идеологиялыққамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналады»,– деді депутат.

 

Жалпы, қабылданған заң әскери-патриоттық тәрбиені мемлекеттік саясаттың жүйелі бөлігіне айналдыруды, мектептерді, колледждер мен университеттерді қамтуды, сондай-ақ жастарға әскери қызметтен өту үшін түсінікті әрі тең мүмкіндіктер жасауды мақсат етеді. Құжат ашық және кәсіби түрде, сарапшылардың, салалық министрліктердің және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен әзірленді.

«AMANAT» партиясының фракциясы азаматтардың, әсіресе жастардың мүддесіне сай келетін, қоғамдық бірлікті және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыра береді.