260 кәсіпкердің шығыны қалай өтеледі?

  • 21 шілде 2025
  • 83

Осыдан 3 күн бұрын тілсіз жау Астанадағы ірі базардың күл-талқанын шығарған болатын.  260 кәсіпкер шығынға ұшырады.  Бірі ірі көлемде қарызға батты, енді бірі миллиондаған ақшасынан айырылды. Мектепке киім алып, сауда енді қызады дегенде, табыс түгілі бір шүберектің өзі қалмады.

АСҚАР АРЫСТАНОВ, КӘСІПКЕР:

Мына жердегі істеп жатқан кәсіпкерлердің бәрі қарызға істеседі. Бір точкадан кем дегенде 20-30 миллионнан товар алатынбыз. Неше жылдан бері жиып жүрген дүниенің бәрі осы базарда болған. Барлық адамдыкі сол, ешкім склад та жинамайды.

Ал базар әкімдігі халықтың жанайқайының орынды екенін мойындады. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, қолдау көрсетеміз дейді.

ТОҒЖАН ТҮЙТЕБЕКОВА, БАЗАР ӘКІМШІЛІГІ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Зардап шеккендердің барлығына біз қазір тегін орындар беріп жатырмыз. Міне бұл кісілер өздері жүр. Бәрі тегін тұрады ай сайын ақша төлемейді. Ал өртенген заттарға қазір іс қозғалып жатыр, біз де бұл кісілер сияқты зардап шегушілердің қатарындамыз. 

Қала әкімдігінің хабарлауынша, өрттен кейін кәсіпкерлерге кеңес беріп, қолдау көрсету үшін арнайы штаб ашылған. Зардап шеккен жалға алушылар туралы ақпарат жинақталып жатыр. Олардың тізімдері банктер мен қаржы ұйымдарына көмек көрсету үшін жолданатын болады. Ал әзірге  өрттің неден болғаны белгісіз. Экспертизаға тағайындалған.