Атырауда жабық аквапаркте жаппай улану дерегі бойынша бассейн басшысы қамауға алынды. Оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Зардап шеккен 15 адамның 13-і бала. Үш жасөспірім реанимацияға жеткізіліп, оларға "хлор буынан улану" диагнозы қойылған. Куәгерлердің сөзінше, хлордың өткір иісі пайда болған. Су лайланып, балалар жөтеліп, тынысы тарылып, кейбірі тіпті есінен танып қалған. Аквапарк директоры техникалық ақаудың болғанын мойындады. Оқиға кезінде ғимаратта бірнеше рет жарық сөнген, бұл жағдай су тазарту жүйесінің істен шығуына әкелуі ықтимал деді. Қазір аквапарк уақытша жабылып, тергеу жалғасып жатыр.