Русский Сайттың толық нұсқасы

Хайп қуғандар айып арқалады

  • 21 шілде 2025
  • 57

Хайп қуғандар айып арқалады. Елдегі блогерлер бәрін қойып, жаппай пранк жасауға көшті. Көшеде көргенімен қалжыңдасады. Зәресін зәр түбіне жеткіземін-ау деп қорықпайды. Әйтеуір контент болса болды деп, өзгенің өміріне қалай қауіп төндіргенін  аңғармағандай болады. Қазақстанды місе тұтпай, шетелде әзіл қуып жүргендерді қайтесің?!  Қытайдың Гуанчжоу қаласында отандасымыз ұрлық жасады деп бейтаныс адамды жазғырады. Инста белсенді аспан асты елінде мұндай қылықтың қалай жазалатынын білмесе керек, әрекетін бірнеше рет қайталап әлеу желіге жариялапты. Оны көрген қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де жазғырып, басылымдары жарыса жазып жатыр. Мәселенің әріге кеткені сонша, қазір полиция тексерісті бастаған.

Бұл – бір ғана мысалы. Желіні ашсаң мұндайдың мыңы менмұндалап алдыңнан шығады. Құндылықты былай қойғанда, адами мәдениетті ысырып қойып, білгенін істеп жүргені қанша?! Айыптай қалсаң, «пранк қой» деп құтылады. Негізінен әзіл біздің ұлтқа жат нәрсе емес. Қазақта жеңгемен, жездемен ойнаудың озық үлгілері болған. Қазақы қалжыңның  орны да, мән-мағынасы да бөлек, өз танымы мен тамырына сай еді. Ал, қазір ше? Танысын, танымасын бас салып ойнаймын деп от шығарады. Мұндай жағдайлардың соңы өліммен айқталған талай мысал бар.

БЛИЦ:

- Клоун бар, сондай неше түрлі киіп қорқытады. Мысалы, мен өзім сондайдан қатты қорқамын.

- Пранк деген біреудің арқасында ақша көру, хайп қуу дұрыс емес деп ойлаймын.

- Адамды өлітіріп аламын деп қорықпайды ғой. Өзінің жеке оқырмандары үшін жаңа ролик салғысы келеді дегендей.

Биыл ойнаймын деп от басқан 24 адам жауапкершілікке тартылды. Енді олар 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Лайк пен қаралым үшін қалжыңның шеңберінен шыққандар осыны ескерсе дейді ішкі істер министрлігі.

ШЫҢҒЫС ӘЛЕКЕШОВ, ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секірмек болды. Өкінішке қарай, бұл әрекет қайғымен аяқталды — ол ауыр жарақат алып, көз жұмды. Мұндай әзілдер қауіпті ғана емес, сонымен қатар әдеп нормаларына сәйкес келмейді, қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпсіздікке қол сұғып, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.

Блогерлер қаптаған заманда хайп қуғандардың қай қапталдан келіп телефонын тақай қалатынын білмейсің. Пранк десе таңқалмайтын деңгейге жеттік. Сондықтан әркім өз құқығын білуі тиіс. Егер қағытпа қалжыңның орнына, қисынсыз қимылға тап болсаңыз, сотқа шағым түсіре аласыз. Моральдық, тіпті, материалдық өтемақы талап етуге толық құқығыңыз бар.