113 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2025
  • 178

113 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2024 жылы 104 мыңнан астам өтініш қабылданған болатын.

Естеріңізге салсақ, биыл бакалавриатқа түсу үшін 77 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 2 412 грант бөлінген. Гранттар тізімінде Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған 2 500 мақсатты білім беру гранты бар.

Соңғы бірнеше жыл бойы ең сұранысқа ие білім беру бағыттары бойынша талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ аудармашылар, мұғалімдер, психологтар, дизайнерлер және заңгерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Ал жоғары оқу орындарына қабылдау, әдеттегідей, 25 тамызда аяқталады.