Енді қандастар демографиялық тапшылығы бар өңірлерде ғана тұра алады. Министрлік осы арқылы тұрғын саны аз аймақтарды дамытуды көздеп отыр. Елде соңғы екі жылда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны 1,5 есе артты. Сәйкесінше заңбұзушылық көбейді. Бір ғана айдың ішінде 7 мың азамат көші-қон заңнамасын бұзған. Үкімет басшысы бұл мәселе дер кезінде шешілмесе жағдай ушығуы мүмкін екенін ескертті. Сол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізуді тапсырды. Бұдан былай әр мигрантқа Қазақстан шекарасынан өткенде ID-карта жасалады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдеткен жөн.
Биыл Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетелдік келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мыңға көп. Ал елден шыққандар саны - 300 мың. Көбіне бізге Өзбекстан Қырғыстаннан және Ресей азаматтары келеді. Қазір елімізде 212 мың шетел азаматы тұрақты тіркелген. Өздеріңіз білесіздер, бізге 87 мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады. Одан бөлек, 107 елдің тұрғындарына электрондық виза қолжетімді.
БАУЫРЖАН ӘЛЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Соңғы үш жылда тұрақты тіркелген шетел азаматтарының саны 42%-ға көбейген. Егер 2022 жылы олардың саны 148 мың болса, 2025 жылы 212 мыңға жетті. Өзге елдің азаматтарының ең көбі Алматы қаласында (42 мың), Алматы облысында (32 мың) және Астана қаласы мен Қарағанды облысында (17 мыңнан) тұрып жатыр.